Мектеп көшбасшыларының қалалық форумы

Мектеп көшбасшыларының қалалық форумы
Атырау қаласындағы «Тағылым» жеке меншік мектебінде 2025 жылдың 3 мамырында «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» атты мектеп президенттерінің қалалық форумы өтті. Форум жас көшбасшылардың өз тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа идеялар мен бастамаларды ортаға салуға, сондай-ақ олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Форумның ашылуы: Тарих пен тағылым
Іс-шараның шымылдығы «Тағылым» мектебінің негізін қалаушы, білім жанашыры Төкен Танаұлы өнегелі өмірі мен еңбегіне арналған мектеп музейіне ұйымдастырылған саяхатпен ашылды.
Бұл іс-шара оқушыларға тау тұлғаның өмір жолынан өнеге алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Төкен атамызбен қол алысып танысу сәті болды. Шәкірттер үшін Төкен Танаұлымен сұхбаттасу нағыз рухани сабаққа айналды: олар данагөй тұлғаның өмірлік жолы, қиындықпен өрілген табыс кілті, адалдық пен еңбектің мәні жайлы терең ой түйді.
Көшбасшылыққа бет алған жас буын үшін бұл – өшпес өнеге, жарқын жол нұсқаған ерекше сәт болды. Төкен Танаұлы оқушыларға ақ батасын берді.
Сонымен қатар, Атырау мектеп президенттері форумына қалалық білім бөлімінің басшысы Дюсекенова Айнагүль Байганиновна, Рашиля Кабиевна, Нұрпейіс Махашевич, Мария Хисимова , Жалғас Кумарович қатысты. «Тағылым» мектебі ұйымдастырған шараға өз ризашылықтарын білдірді. Өнер көрсеткен оқушылардың талантына тамсанып, білімді, белсенді жастарға қолдау білдірді.
Рух, білім және мақсат: Жас көшбасшылардың алғашқы қадамы
Форумның бірінші бөлімі «Рух. Білім. Мақсат.» тақырыбында өтті. Оқушылардың өздерінің ұлттық құндылықтарға жаңаша көзқараспен қарауына түрткі болған бұл бөлімде «Шала қазақ ене, таза қазақ келін» атты қойылым көрсетілді. Қойылымның мазмұны ұлттық болмыс пен қазіргі көзқарас арасындағы шекараны көрсете отырып, терең ой салды.
Ғылыми жобалар: Жас зерттеушілердің ойлы жұмыстары
Форум аясында жас зерттеушілер өздерінің ғылыми жобаларын таныстырды. Болат Арлан «Қазақ тіліндегі QUIZ ойыным» атты жобасымен таң қалдырса, «Тағылым» мектебінің президенті Синар Рұстамұлы мен Элиф Гокалп ағылшын тілін мектеп аясында жетік меңгергендерін көрсетіп, барша жиналған қауымға «The Power of Words – Slangs and Idioms in our everyday life» жобасын таныстырды. Ал Махабатолла Бекдәулет «Гендерные стереотипы в казахских мультфильмах» тақырыбында Отандық мультфильмдерге талдау жасады.
Бұл жобалар барлық қатысушылардың дарыны мен білімін айқын көрсетті.
Форум барысында «Тағылым» мектебінің ұстаздары мен үздік оқушылары білім, спорт, мәдениет пен өнер салаларындағы жетістіктері үшін марапатталды. Бұл ұстаздарға көрсетілген құрмет пен алғыстың көрінісі. Және жас буынның еңбегі мен дарынына берілген жоғары баға. Оларды одан әрі ынталандыратын зор қолдау болды. Әрбір марапат – еңбектің жемісі, алғыс пен сенімнің көрінісі ретінде оқушылар жүрегінде мәңгі сақталары анық.
Сонымен қатар, «Тағылым» мектебінде алдағы жаңа оқу жылында ішкі сайлау нәтижесі бойынша жеңіске жеткен жаңа Президентіне Сурков Вадимге алдағы атқаратын қызметі жайлы айтылып, мектептің жарғысы тапсырылды.
Форумның екінші бөлімі «Көшбасшылыққа қадам» тақырыбында өтті. Бұл бөлімде «Тағылым» мектебінің президенті Синар Рустамұлы өз баяндамасында көшбасшылықтың тек атақ емес, үлкен жауапкершілік екенін атап айтты. Сондай-ақ, №3 және №38 мектептерінің президенттері өздерінің көшбасшылық тәжірибелерімен бөлісіп, сенімділік пен ізденістің үлгісін көрсетті.
Ораторлық шеберлік: Сөз өнері мен көшбасшылық
Форумның аясында ораторлық шеберлікке арналған тренинг өткізілді. Бұл тренинг жастарға сөз арқылы көшбасшылықтың маңызды құралы – пікір білдіру мен ойын дәл жеткізу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді. Көшбасшы болу үшін тек білім жеткіліксіз, ол сондай-ақ өз ойын ашық және сенімді түрде жеткізу қабілетіне де ие болуы керек.
Мектеп қабырғасындағы үйірмелердің шәкірттері өз өнерлерін ортаға салып, концерттік бағдарлама ұсынды. Оқушылардан құралған музыкалық оркестр күй күмбірлетіп, бишілер мен спортшылар да өз өнерлерін көрсетті. Бұл өнер көрсету – жас ұрпақтың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасалғанын, олардың шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін айқындады.
Сондай-ақ, осы айтулы шараның өтуіне бастамашы болған мектеп директоры Ролана Атласқызы үздік оқушылармен кездесу өткізіп, олардың алдағы даму жолында үлкен ықпал ететін маңызды өнегелі тілегін жолдады. Ролана Атласқызы шәкірттерге көшбасшы болу үшін тек білімді ғана емес, сондай-ақ адамгершілік, ерік-жігер және мақсатқа ұмтылыс керек екендігін айтты. Ол әр оқушының өз саласында үздік болуға, жан-жақты дамып, қоғамға қызмет етуге шақырып, көшбасшылықтың тек сыртқы жетістіктермен емес, ішкі үйлесімділікпен, тұлғалық өсу арқылы келетінін атап өтті. Бұл кездесу оқушылардың көзқарасын кеңейтіп, өз болашағына деген сенімін нығайтты.
Форумның барысында қалалық білім бөлімінің басшысы Дюсекенова Айнагүль Байганиновна мектеп президенттеріне арнайы сертификат табыстап, жастардың болашағына сенім білдірді.
Қорытынды: Жаңа ұрпақтың көшбасшылық әлеуеті
Бұл форум – жас көшбасшыларға мотивация берген, оларды болашақта қоғамға қызмет етуге шабыттандырған ерекше алаң болды. Форумда айтылған әрбір сөз, ұсынылған жоба және көрсетілген өнер – жас ұрпақтың келешекте жауапкершілік алып, елдің дамуына өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін көрсетті. Қалалық мектеп президенттері үшін бұл күн – замандас ретінде бас қосумен қатар, тың идеялармен бөлісіп, өзара танысып, тәжірибемен алмасып, әр оқушының ойлау кеңістігінің әрі қарай кеңеюіне жасалған қадам.